“Қазақ тілінің қадірін қытайлар да біледі”
Гың Шымин мырза Қытайдағы қазіргі қазақ факультетінің іргесін қалаған адам. Сексеннің сеңгіріне шыққан ғалыммен жеке кезігіп, қазақ тілі төңірегінде ой бөлісудің бола бермейтін сәті туғанда ойымдағы сұрақтарымды тұтас қоя алмасам да, үлгергеніме жауап алдым. Олай дейтінім, Гың мырза елінің ардақтысы… Мен сияқты қызығушылық танытқандармен кезіге алмауының тағы бір басты себебі – ғалымның денсаулығы аса жақсы емес екен…
Гың мырза, түркі тілдері мен түркі әлемін зерттеуге ғұмырыңызды арнаған жансыз. Ғылыми жолдың бастауы мен қазақ тіліне деген қызығушылығыңыздың пайда болу себептерін айтып беріңізші?
– «…Айналайын, түрколог ғалым қазақша сөйлемей отыр демеңіз, мен қазақы орта көрмегеніме, қазақша ашылып сөйлемегеніме қырық жыл уақыт өтіпті. Сондықтан, сұрақтарыңызға өз тілімде жауап берейін..» деп, қария ендігі әңгімесін қытай тілінде жалғады.
- Шындығында, ЖОО-на қабылданға дейін менде мұндай ой болмаған еді. Себебі, мен өскен Жяңсу өлкесінде түркі тілінде сөйлейтіндер мүлдем болмады. Оның үстіне түркі халықтары туралы көп белме бермейтінмін. Тек 1949 жылы Бейжің университетінің шығыстану факультетіне ұйғыр тілі мамандығына оқуға қабылданғанымда ғана қазақтарды тұңғыш кезіктірдім. Кейін 1952 жылы мемлекеттің «жер реформасы» кезінде университеттің ұйымдыстыруымен арнайы қызмет тобы құрылып, бізді «Шыңжағдағы» Тарбағатай аймағына аттандырды. Сонда нақ қазақтардың ортасында болдым, тұрмысымен таныстым. Тіл үйренуге деген қабілетімнің себебінен болса керек, қазақтармен түсінісіп, ұлтты зерттей бастадым. Сол уақытта қазақ қоғамын алғаш көргендегі есімде қалғаны, жерге басшылық ету көбінесе маңғолдардың иелігінде болып, қазақтар оларға жалшылық ететін. Осылайша бір жыл қазақтармен қоянқолтық араласа жүріп, тілімді жақсы дамыттым. Ал 1953 жылы университетке қайта оралдым. Мен Тарбағатай аймағына кеткен уақытта Бейжіңдегі бірнеше университеттің тіл факультеттері біріктіріліп, Орталық Ұлттар институты ашылған екен. Осы жылы сол уақыттағы білім саласынының үздігі болған менің ұстазым Жи Сияң Лин мырзаның, тіл меңгеру қабілетіме қарап, әрі қазақ тілін білетінімді ескеріп, топ құру ұсынысы бойынша тұңғыш рет қазақ филологиясы мамандарын даярлаудың іргесі қаланды.
Демек, факультет болмай тұрып, алдымен кішігірім топ болған ғой? Топ құрылған уақыттағы оқытушылық жайы қалай болды?
– Иә. Алдымен топ құрылып, 1971 жылы оны «оқыту және зерттеу кеңсесі» деп атадық, онан кейін барып қана өз алдына жеке факультет болды. Бірақ, біз алғашқы студенттерді 1953 жылдан бастап қабылдадық. Алайда, қазақ тілін білетін мұғалімге тапшы болған соң, дайындық курсында оқитын екі қазақ жігітті мұғалімдікке жұмысқа алдық. Әр істің бастамасы болады емес пе?! Қиын қыстау заманда білім берудің кереметтей жағдайы болмағанымен, түрлі кедергілерге қарамастан біз алға қойған мақсатымызға тер төге кірісіп кеттік. Сөйтіп, 1957 жылы алғашқы түлектеріміз бітіре бастады. Бірақ, он жылдан аса уақыт өткеннен соң, тек қазақ бөлімін ғана емес, Қытайдың білім беру ісі 1965 жылы тұтастай тоқтатылды. Бұл еліміздегі «мәдениет зор төңкерісі» зардаптарының басы еді. Осы кезеңде барлық адамдарда «мемлекет мені қайда керек қылса, сонда барамын» дейтін түсінік болды. Сөйтіп мен Үрімжідегі «Нән шән» деген жерге барып «қазақша-қытайша, қытайша-қазақша» аударма курсын ашып, кәсіби аудармашылар даярлау жұмысымен айналыстым.
Гың мырза, сіздің көзқарасыңызда сол кездегі қазақ тілінің бүгінгісінен айырмашылығы бар ма? Тілді қалай сақтау керек деп санайсыз?
– Дүние орнында тұрмайды. Оны күштеп тоқтата алмайсың. Өйткені, бұл табиғи заңдылық. Демек, әрбір тілдің де фонетикалық өзгерісі, тіл лексикасының дамуы сияқты құбылыстар да ұлттың тұрмыс өзгерісіне сай жүретін заңдылықтар деп есептеймін. Қарапайым бір ғана мысал, «Інган» сөзін қазір қазақтар «Інген» дейді. Ал түркі тілдес елдердің көбісі осы тектес сөздерді ұмытты. Мағынасын білмейді. «Түйенің ұрғасысы» деген мағынада ғана айтады. Мен өзімнің зертеу жұмыстарымда осы тектес көптеген деректерге кезіктім. Әрине, қазақтар қазір таза көне түркі сөзімен сөйлеп отыр дегенім емес, бірақ менің түйгенім, “түркі сөздігінің” дені қазақ тілінде сақталған екен. Түркі тілдес елдерінің ішінде өзінің түп-тамырынан ажырамағаны – қазақтар екеніне көзім жетті. Демек, қазақ тілінің маңыздылығы тек қазақ ұлтына ғана емес, бүкіл түркі елдері үшін де аса маңыздылығы жоғары болуға тиісті. Кейбір ғалымдар әлем бойынша түркі тілдес елдердің саны 30-дың айналасында дегенді айтып қалып жүр, негізінен қазіргі таңда әлем бойынша олардың саны 40-тан асады. Яғни, туыстас бұл елдерде алдағы жүзжылдықта түркі сөздері осыншама бағытта өзрегуі әбден мүмкін деген сөз.
Тіл де заман ағысына қарай құбылады деген ой айтып қалдыңыз. Сонда бесмың жылдық жазба тарихы бар Қытай тіліне келгенде де алаңдаушылық танытпайсыз ба?
– Мен айтқан табиғи өзгеріс ұлтқа, елге, жерге бөлінбейді. Және табиғи заңдылықтарға қарсы келуге болмайды. Бірақ, бұл сөзімнен тілге мүлдем көңіл аудармау керек дегенді ұғып қалмаңыз. Әрбір ұлт – тілімен ғана жасай алады. Ол сөзсіз! Ал егер ол қолданыста болмаса тіл өледі. Менің айтып отырғаным, тіл өмір сүру үшін оған «ерік» беру керек. Қолданыста жүріп өздігінен өзгеріске ұшыраған сөздер ғана маңыздылығын жоғалтпай, халқымен бірге жасайды. Мысалы, жоғарыда айтып өткен «інган» сөзі тіл мамандары тарапынан «інген» болып өзгерген жоқ қой… Мысалы, ұлт мәселесіне келсек, әлемдегі «ұлттық тазалығы» жоқ бірден-бір ел, ол – біз. Қытай халқының оңтүстігі солтүстігін, солтүстігі оңтүстігінің тілін көп жағдайда түсіне бермейді. Бұл да табиғи нәрсе. Бірақ жаңа өзіңіз айтқандай, біздің жазба мәдениетіміз бар. Біз ел болып жасап келеміз және жасай бермекпіз де.
Қазақ тілінің «қазанына» түсу мақсатымен Қазақ жеріне барып көрдіңіз бе?
– Менің ғылымымен айналысқан уақытымның жалынды кезеңі қазіргі заманға ұқсамайды… Қиындықты көп көрдім. Сөйтіп, әне-міне деп жүргенімде қартайып қалыптым. Қазір университетте дәрістер жүргізудің өзіне көп күш жұмсау керек болады. Еркін жүріп-тұрудың да қиындығы сезіліп жүр. Қуық жолының жазылмайтын дертіне (рак) шалдығып жақында ғана оған «химиялық операция» жасаттым… Ал Қазақстанға бару мен үшін арман болып қалды.
Әңгімеңізге алғыс білдіреміз. Алла дертіңізге шипа бергей!
Гың мырза қазақ тілінің көркем, әрі тарихының тым тереңде жатқанын әңгіме барысында жиі айтып қалды. Расында, қазақ тіліне басқа ұлттың адамдары ерекше таңданыспен, қызығушылықпен қарайды. Негізінен танымал тілдер арасында араб, қытай, орыс тілдері әлем бойынша күрделі, әрі сөйлеуі жағынан ең қиын үш тіл болып саналады. Бірақ басқа шет елдіктерді айтпағанның өзінде қазақ тілін естіп көрмеген осы елдің өкілдері қарапайым қазақша сөйлемді бір естігеннен емес, бірнеше айтқанның өзінде қайталай алмайтындарына да көз жеткіздім. Қарапайым қытайлықтар емес, қытай тілінің майын тамызып сөйлейтін білікті ұстаздардың өзі біздің «ү, ұ, ө, і, қ, ғ, р,» сияқты әріптерге келгенде тілдері «сынып» қалады. Айта да, дыбысталу парқын бір-бірінен ажырата да алмайды. Қытай тілінің грамматикасын қазақ тілінің грамматикасымен салыстыруға да келмейді… «Және мен естіген тілдердің ішіндегі дыбысталуы бойынша ең жылдамы – қазақ тілі екен» дегенді де күрделілігі жағынан әлемдегі тілдік мәртебеге ие қытайлар мен арабтардың өздері айтады. Сөзім дәлелді болу үшін қазақ тілін меңгерген қытайларды іздедім.
Чэн Зуо Хоң – Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетінде қытай тілінінің мұғалімі болып қызмет етеді. Ертеректе осы оқу шаңырағында қазақ тілін үйренген. Чэн бикештің қазақ тіліне алғашында ешқандай әуестігі болмаған. Алайда, Қытайдың білім саясатында мемлекет кейбір шағын гранттарын оқушының біліміне қарай оларға мамандықпен бірге ұсынады. Яғни, оқушының тәлейіне осындай оқу гранты бұйырып тұрса, оның мамандығын мемлекет өзі «таңдап» береді. Оқу тегін, әрі көп жағдайда оларды болашақта мемлекет өзі жұмыспен қамтамасыз ететін болғандықтан жастар ерікті-еріксіз түрде барады. Чэн Зуо Хоң да осы тәртіппен оқуға қабылданады.
Чэн ханым, қазақ тілін үйренуіңізге не себеп? Тілдің қандай артықшылығы мен ерекшеліктерін байқай алдыңыз?
– Орта мектепті аяқтап, университетке оқуға тапсырғанымда емтихан нәтижесі бойынша мемлекет маған «түркология» факультетіне оқуға грант берді. Бұған дейін қазақ тіліне қызығушылығым болмағанымен, бертін келе тілді құлшыныспен оқыдым. Себебі, қазақ тілі – өте бай тіл екен. Және қытай тілімен салыстырғанда да мен үшін көркемдігі жағынан басым болып сезілді. Ал күрделілігі жағына келер болсақ, расында өте қиын тіл. Жұрнақ, жалғаулар да ерекше көп. Сол себептен есте сақтап қалу біраз қиындау. Мысалы бізде 56-ы ұлт болса, оның 55-і аз ұлттар болып есептеледі. Қазақ тілі біздегі саны жағынан аз ұлтттылардың ішіндегі сақталуы жағынан да, ана тілін қолданылуы бойынша да санаулы 4-5 тілдің бірі болып табылады. Осыдан қазақ тілінің мәртебесі айқындалады. Ал қалған 50 ұлт ана тілдерінен тұтастай айрылды деуге болады.
Сіздің ойыңызша тілді өлтіріп алмаудың ең тиімді амалы не?
– Алдымен тілге төнген қауіпті дұрыс зерттеу керек. Онан кейін жастардың тілге деген ұлттық идеологиясын дұрыс қалыптастыра білу қажет. Және оларды ұлтжанды етіп тәрбиелегенде ғана тіл ұлтпен бірге жасайды деп есептеймін.
Қазақ тілін біраз меңгердіңіз ғой. Тілден хабарыңыз бар. Ал қазақ тілінің болашағы туралы ой айта аласыз ба?
– Негізі тіл зерттеушісі болмағаннан кейін қазақ тілінің болашағын бағамдау маған қиын. Бірақ бізге Қазақстаннан келіп оқитындардың қазақша сөйлегенін аз көремін. Олар көбінесе орысша сөйлейді…
Неге тіл үйренуді тоқтатып алдыңыз?
– Сөйлемесе тіл жойылады. Мен басында жақсы үйренгеніммен жұмысыма көп байланысы болмаған соң тоқтатуыма тура келді.
Аталған университеттің қазақ филологиясы факультетіндегі «қазақ тілі және әдебиеті» мамандығында қытайдағы қазақтармен қатар бірлі-жарым қытайлар да білім алып жатыр. Қызық болғанда, жолым түсіп жоқтырған тағы бір қытайдың есімі менімен аттас – Ертай болып шықты. Бұл оның қытайдағы қазақ жолдастарының қойып берген қазақша есімі екен. Ал өзінің шын аты – Джоу Вын. Ертаймен қазақша сөйлескенімде тіпті, қазақшамнан қателік жіберіп алмайын деп өзімді-өзім бақылаумен болдым. Себебі, оның қазақшасы өте тамаша деңгейде қалыптасқан екен. Қытайдағы Алтай өңірінде дүниеге келіпті.
Ереке, шыныңызды айтыңызшы, қазақ тілін қызықғып үйрендің бе әлде…?
– Енді көршілерімнің көбісі, достарымның жатрысы қазақтар болған соң бұл сұраққа жауап берудің өзі қиындық тудырып тұр. Тіл үйренуімнің бірінші себебі осы болса, екіншіден, «Шыңжаң» өңірінде әкімшілікте жұмыс істеу де мақсатымда болды.
Тіл үйрену жеңіл болған шығар?
– Олай айта алмаймын. Қазақ тілі өте күрделі. Грамматикасы да қиын. Мен қазақтардың қақ ортасында өскен соң маған қазақша сөйлеу аса қиын емес болар. Бірақ басқа қытайлар қазақ тілін оқығанда рас қиналады (күліп). Фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктері қазақ тіліне ғана тән деп жиі айтады.
Қызық екен. Ал қазақ тілінің сіз үшін маңыздылығы қаншалықты?
– Өте зор. Өйткені қазақтарды жастайымнан білемін. Кішкентайымнан қазақ тілімен сусындап өстім. Ерекше мазмұны мен көркемдігі жағынан басқа тілдерге ұқсамайтын байлыққа тұнып тұр. Қазақтың астарлап сөйлеуінің өзі бір керемет дүние ғой.
«Сырт көз сыншы» демей ме. Қазақ тілінің әлем тілдері алдындағы деңгейін қалай бағалайсыз?
– Басқа тілдермен салыстыра отырып қазақ тілінің мәртебесін айту қиындау. Бірақ менің жеке көзқарасымда тілдің мәртебесі өсіп келеді. Көптеген ғалымдар көне түркі тілдерін зерттеуге ерекше кірісіп кетті. Ал түркі тілі дегенде оның негізгі қазақ тіліне келіп тіреледі екен.
Өзге ұлттардың қазақ тіліне деген ерекше таңданыстарын байқап, ана тіліме деген көзқарастарын әсерлене әңгімелеп беріп жатқанда, қос күйді қатар кештім. Бір жағынан жүрегімді мақташыш сезімі кернеп жатса, өкініш пен ыза екінші жағынан іле-шала оны жалмап жатты. Осындай жағдайдан соң, сыртта жүріп Отаныма сын көзбен қараған сайын «қазақты сүйер қазақпын» деп ұрандап жүрген сәттерімді ойлай келе, ол сөздердің «әлсіз» айтылғанын сезіндім. Отанға, ұлтқа, елге, жерге деген махаббатымның дәл қазіргі жағдайыммен салыстырғанда әлде-қайда қайратсыз болғанын ұқтым…
Өз ұлтымызды өз тілінде сөйлету үшін қыруыр қаражат бөліп отырған жайымыз жүрегінде оты бар әрбір қазақтың өзегін өртеп, намысыңды жаншып жатқаны сөзсіз. Бұл биліктің емес, алдымен әртүрлі себептерді «сылтауратып» сөйлей алмай жүрген халықтың опасыздығы! Бұл «шолақ тілді» әрбір қазақтың ата-бабасы алдында, асырап отырған Отаны алдында, тіпті өзінің қазақ боп туған ұлттыңының алдында арлануы тиіс жағдай. Егер намысын оята алмаған болса, олар ұлт алдында «ұрлықшы», Отан алдында сатқын болып саналатыны сөзсіз! Ал «ұлтым» деп ұрандар алдында әр қазақтыңың ең бірінші өз жүрегіне үңілгені абзал. Себебі, ең аз дегенде ол өзі зиян шегіп қалуы әбден мүмкін жағдай…
Жүрегі де, тағдыры мен бостандығы да бір тәңірге ғана тәуелді қазақ, біреудің бодауында болуы тиісті емес. Егер адам өз болашағына сенбейтін болса, онда ол адамның өмірінің ешқандай маңыздылығы да болмай қалатыны анық. Ендеше, әрбір қазақтың болашағы жарқын, келешегі кемел! Тек барды бағалай алсақ болғаны. Еңсеңді тікте, Қазақ!
P.S. «Әр қазақ – менің жалғызым!»
ASSPAN

Өте қызықты екен! Рахмет!
Тіліміздің беделі әрдайым жоғары болсын! Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!
Өзге халықтың өз тіліміз жайындағы пікірлеріне марқайып қалдым. Десе де, Гың мырзаны ойламаппын Қазақстанға мүлде келмеген деп. Бір басылымнан оқығаным бар еді.Гың мырза үстел үстінде дайын материял қарастыратын жанның қатарынан емес деп. Ол кісі қаншама елді аралаған. Атақты түрколог. Оның үстіне Пекиндегі ұлттар универіндегі қазақ факультетінің ашылуына себепкер болған да осы кісі екен. Біраз таңырқап қалдым.
Ертай, жаксы сухбат болган екен. оз басым кытайларда казак т1л1не осыншама ыкылас-ниет болады дегенге сенбем ед1м, айтсе де сен1н сухбатыннан кей1н ойымды озгертет1н болдым.
Жазғаныңызды оқи отырып терең ойға шомып кеттім. Оған қоса, құлағымда өзіңіз орналастырған Мәдина Ералиеваның әні ойнап тұр. Біз бұл жақта түрлі оппозиционерлердің, ұлт жанашырларымыздың даурыққан мақалаларын оқып, тіліміздің тағдырына күдікпен, алаңмен қарап жүрсек… Осы “қызған” ортадан алған сұхбаттарыңыз жаныма жайлылық сыйлады. Рахмет сізге. Нағыз қазақ азаматы екенсіз, аға.
Ия. Әңгіме ұнады, қатты ұнады. Ханшаның пікірі де біраз ой салды.
Kuanyshtymyn!…
қытайлар да бостан босқа оқымайды ғой, ана Ертай да алдына мақсат қойған әкімшілікте жұмыс істеймін деп, басқалардан ерекшелігі ретінде қазақ тілін білетіне әрине оған артықшылық бермек..
Қайдан қалай кездесіп жүрсің бұл кісілермен??
Arnaiy izdep taptym…
Жат жердегі өзге ұлт өкілдернің қазақ тілінде сөйлеп, үйреніп жатканы қуантады әрине, бірақ өз елімізде әр тілде сөйлеп, бірін-бірі түсіне алмай жүрген қазақтарды көргенде күйдіріп жібереді.